Биылғы жылдың 10 наурызы күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалалық бағдарламасы аясында Шәймерден Қосшығұловтың 149 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында «Алтын сақа» асық ату облыстық турнирі Біржан сал ауданы Степняк қаласының «Жеңіс» спорт кешенінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл «Алтын сақа» асық ату турнирі алғаш рет Қоғам ауылының Шәймерден Қосшығұлов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде қоғам қайраткері Шәймерден бабаның ұрпақтарының қолдауымен 145 жылдығына орай ауданның мектеп оқушыларының арасында ұйымдастырылған турнир еді. Сол уақыттан бері «Алтын сақа» асық ату турнирін жыл сайын ұйымдастыру мектебіміздің дәстүріне айналған. Ал биыл аудандық көлемнен ұлғайып, облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Осы турнирді ұйымдастыруға Шәймерден Қосшығұловтың ұрпағы демеушілік көрсетіп, үлкен ықпал етті. Сонымен қатар, Шәймерден Қосшығұлов атындағы ЖОББ мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі М.З. Кусаинов турнирді ұйымдастыруға белсене араласты. Біржан сал ауданы білім бөлімінің қолдауымен, «Жеңіс» спорт кешенінің зор көмегімен асық ату турнирі жоғары деңгейде өтті. Ойын соңында жеңімпаздар кубок, медальдармен, мадақтама, сыйлықтармен марапатталды. Қоғам қайраткері , діндар Шәймерден Қосшығұлов ұрпағы турнирге қатысушыларға арнап дастарқан жайып, баба рухына құран бағыштады.